Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық «Аударыспақ», «Көкпар» ойындары өткізілді
24 қазан күні Ұлан ауданы Алғабас ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық «Аударыспақ», «Көкпар» ойындары ұйымдастырылды.
Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарындағы жеткен табыстарды жастар арасында кеңінен насихаттау және жаңғырту мақсатында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы, жеке кәсіпкерлер мен ат спорты жанашырлары «Аударыспақ», «Көкпар» ұлттық ат спорты ойындарын өткізуді алдын ала белгіледі.
Ұлттық ойындардың жаңа мазмұнда өтуін алғашқы болып ШҚО ардагерлер ұйымының филиалы басшылығы қолдады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап өтіп жатқан шараға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қаржылай қолдау жасап, облыс ардагерлері атынан Ақанов Сағынбекті ұйымдастыру алқасының құрамына енгізді.
Республика бойынша Ұлан ауданы Алғабас ауылынан ұлттық ат спорты ойынынан жеті чемпион шыққан елді мекенде облыстық жарыс өткізу Бозанбай ауылы әкімі аппаратымен алдын ала келісілді. Ұлттық спорт ойындарын ұйымдастырудың Ережесі жасалды. Ұйымдастыру алқасы жеңімпаздарға тапсырылатын сыйлықтар қорын жасап, өтетін алаңды дайындады.
Тәуелсіздік құрдасы, Аударыспақтан бес дүркін Республика чемпионы Мақсат Әріновтің үйлену салтанаты ұйымдастырылды. Ауыл болып жаңаша той өткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған ұлттық ойындар мерекесіне Өскемен қаласы, Ұлан, Күршім, Жарма, Аягөз аудандары ат спортының сайыпқырандары қатысты. Ұйымдастыру алқасы Көкпардың соңғы салымына жылқы, Аударыспақтан абсолюттік бәсеке жеңімпазына жылқы атады. Аударыспақ алдымен мектеп оқушылары арасында, онан соң 70 кг, 80 кг және Абсолюттік бәсеке өтті. Ат спорты ойындары аса ұйымшылдықпен, белгіленген Ережеге сай өтіп, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай, жаңаша той өткізудің үлгісін көрсетті.





