Қарттар күні

Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі Қарттар күніне арнап қалалық, аудандық, бастауыш ардагерлер кенестерінің төрағаларын, ерекше белсенділік танытып жүрген  ардагерлерді ардақтап, құрметтеп «Уба» шипажайына демалысқа апарды.

Қазыналы қарттарды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е.Ж.Нұрғалиев арнайы келіп құттықтады. Ол ардагерлерге жүрекжарды тілегін білдіріп, жемісті жұмыстары үшін А.Г Цыганковқа, Ә.А. Дәутбаевқа, И. Б. Каланчинаға облыс әкімінің Алғыс хаттарын, Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.К.Қызыровқа, ардагерлер О. И. Беляева мен М.З.Қабыловқа «Шығыс Қазақстанның Құрметті ардагері» төсбелгілерін тапсырды.

Демалушылар аудан орталығы Шемонаиха қаласындағы өлкетану музейіне барып өңір тарихынан мол мәліметтер алып қайтты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған интеллектуалды QUIZ ойыны  өтті. Еліміздің негізгі заңы, оның тарихы мен реформалар жайлы білімімізді тексердік. Алдынала дайындықсыз, тікелей сол жерде құрылып, жасақталған алты команда өзара қызықты да тартысты ойын өткізіп, жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.

«Сағындырған әндер-ай» атауымен атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың  әндерінен конкурс ұйымдастырылды. Зор қызығушылықпен, зор ынтамен және  аса тартысты өткен бұл сайыста сазгердің «Теріскей» әнін нақышына келтіре орындаған тарбағатайлық М.Абдрахманов жеңімпаз атанды. Екінші орынға Өскемен қалалық ардагерлер ұйымының ұжымы, ал жүлделі үшінші орынға Үлкен Нарын ауданынан келген әдемі де үйлесімді дуэт көтерілді. Жеңімпаз, жүлдегерлердің барлығына дипломдар берілді.