2026 жылғы 16 маусымда Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымының қолдауымен және «Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект: аға буын үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.
Семинардың ашылуында Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Айтқазы Шерубаев аға буын өкілдерінің цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ардагерлерді заманауи цифрлық технологиялармен таныстыру, жасанды интеллект құралдарын, соның ішінде ChatGPT платформасын күнделікті өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру, интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану мәдениетін дамыту.
Семинар барысында қатысушыларға ChatGPT-тің мүмкіндіктері, оны өтініштер, хаттар, құттықтаулар дайындауда пайдалану жолдары түсіндіріліп, практикалық мысалдар көрсетілді. Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселелері, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілер мен мобильді құрылғыларды қауіпсіз пайдалану бойынша пайдалы ақпарат берілді.
Кездесу соңында ардагерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жөнінде тәжірибе алмасты. Семинар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, аға буын өкілдерінің цифрлық білімін жетілдіруге бағытталған маңызды алаңға айналды.