Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымының есебіндегі 130 мыңнан аса ардагерлер он үш қалалық және аудандық, 471 бастауыш ардагерлер ұйымының құрамына біріккен. Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісінде, халқымыздың ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, дәріптеп, кейінгі ұрпақтың ойына да, бойына сіңіруде ардагерлердің атқарар шаруалары аз емес. Шілденің 22-сі күні облыстық әкімдікте осындай өзекті мәселелерді жан-жақты әңгімелеп, кеңінен талқылаған дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Қалалық, аудандық ұйымдардың төрағалары, әжелер алқаларының төрайымдары, мемлекеттік органдар мен басқармалардың өкілдері жиналған бұл маңызды шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және облысымызға ресми жұмыс сапарымен арнайы келген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов қатысты. Қысқаша кіріспе сөзбен Дөңгелек үстелдің шымылдығын ашқан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев бүгінгі жиынның ардагерлер ұйымының жүзеге асырып жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» деп аталатын жобалары мен алдағы міндеттердің жан-жақты талқыланатын, тәжірибе алмасуға әрі жаңа бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік беретін маңызды пікір алмасу алаңы болатындығына сенім білдірді.
Алғашқы сөз кезегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановқа берілді. Ол жаңа Конституцияның мемлекеттің ғана емес, ұлттың да тағдырын айқындайтын, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын нақтылайтын тарихи белес екендігіне, алдағы Құрылтай сайлауының маңыздылығына тоқталып, облыс қандай да саяси науқандардағы белсенділігін тілге тиек етті. Үлкенді құрметтеу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастар тәрбиесі, табиғатты аялау, зиянды әдеттермен күрес сияқты бүгінгі күнгі көкейкесті мәселелер жөнінде келелі әңгіме қозғап, оларды іс жүзіне асыруда ардагерлердің қосар үлестерінің мол екендігін айта келіп, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Өңірлік биліктің ардагерлердің қандай да бір игі бастамаларын үнемі қолдап отыратындықтарын айтты.
Келесі кезекте сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов республикалық Ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің жеті тараудан тұратын «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» деп аталатын жоба-жоспарларының әр тарауына қысқаша тоқталып, түсініктеме берді. Сондай-ақ, өзінің Шемонайха ауданы ардагерлерінің бастауыш ұйымдары өкілдерімен кездесу өткізгенін, Выдриха селосындағы еліміз бойынша жалғыз ғана болып табылатын «Уба» шипажайының жұмысымен танысқанын айта келіп, облыс ардагерлерінің атқарып жатқан игілікті істеріне ризалығын білдірді.
Әбілғазы Қалиақпарұлы Катонқарағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Қызыров, Глубокое ауданы Красноярск селолық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Андреевна Ершова, Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әлімхан Оразаев сынды қоғамдық жұмыстарда белсенді еңбек етіп жүрген ардагерлерге республикалық Ардагерлер ұйымының атынан «Құрмет белгісі» медальдарын тапсырды.
Алқалы жиында Алтай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Нәзигүл Шоматова, Шемонайха аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Ивановна Лычагина, Ұлан ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бәкімбаев, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджанов сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі талқыланып отырған мәселелер бойынша өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.
«Дөңгелек үстел» отырысынан соң жиынға қатысқан ардагерлердің барлығы облыстық филармонияның концерт залына барып, өнер ұжымдары мен ардагерлердің өнерлерін тамашалады. Концерттің алдында облыстың құрметті қонағы - Әбілғазы Құсайынов залға жиналған алты жүзден аса көрермендердің алдында бүгінгі саяси реформаларды жүзеге асырудағы және ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудағы ардагерлер қауымдастығының ролі мен қосатын үлесі туралы және республикалық ардагерлер ұйымының «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының жеті басым бағыты жайында қысқаша әңгіме өткізді.



















