Дөнгелек үстел

Ұрпақтар сабақтастығы – аға буыннан кейінгі ұрпаққа өмірлік тәжірибе, салт-дәстүр мен білімнің үздіксіз берілуін білдіретін уақыттар арасындағы рухани байланыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті өзара сабақтастырып, жас ұрпақтың ата-баба даналығына сүйенуіне, ұлттық мәдениетті сақтап, дамытуына мүмкіндік береді.

Осы мәселе облыс әкімінің орынбасары Е.Ж. Нұрғалиевтің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ардагерлердің кеңінен талқылауына арқау болды. Басқосудың негізгі тақырыбы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасы болды.

Жиында сөз сөйлегендер жобаның жеті басым бағытына тоқталып, онда үлкенге құрмет көрсетуге, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, жастарды адал азамат әрі Отанының патриоты етіп тәрбиелеуге, сондай-ақ жаңа буынның ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибені тиімді пайдалануына ерекше мән берілгенін атап өтті.

Адамзат жинақтаған өмірлік тәжірибе – болашаққа бастайтын сенімді тірек. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін отбасындағы ұрпақтар сабақтастығының маңызы ерекше. Ол – отбасының берік іргетасы мен рухани өзегі. Ғасырлар бойы адамдар кейінгі ұрпаққа ата дәстүрін, әулет қағидаларын және мәдени құндылықтарды аманаттап келген. Осындай асыл мұра көзге көрінбейтін алтын жіптей ұрпақтарды өзара байланыстырып тұрады.

Жеке тұлғаның қалыптасуындағы ең қымбат қазына – әулет жады, яғни отбасы жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген рухани мұра. Бұрынғы уақытта бір шаңырақ астында бірнеше буын бірге өмір сүретін. Еңбекке жарамды ата-аналар жұмыста болған кезде, балалардың тәрбиесімен ата-әжелері айналысатын. Олар немерелерін еңбекке баулып, ертегі, аңыз-әңгімелер айтып, ұлттық тәрбие беретін. Ал қазіргі қоғамда көптеген отбасылар бөлек тұрады. Соның салдарынан туыстық байланыстар біртіндеп әлсіреуде. Бұл жағдай жаңа ұрпақтың өзімшіл әрі рухани құндылықтардан алшақ болып өсуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Отбасы – тұлға тәрбиесінің алғашқы әрі ең маңызды мектебі. Одан кейін баланың қалыптасуына балабақша, мектеп, достары, көршілері, жоғары оқу орындары және еңбек ұжымы сияқты түрлі әлеуметтік орта ықпал етеді. Аға буын жастарға отбасылық дәстүрлерді, әдеп қағидаларын және өмірлік білімді үйретуі қажет. Осындай қарым-қатынас үлкендерді құрметтеуге, отбасы ақсақалдарының беделін арттыруға тәрбиелейді. Ардагерлер бірауыздан отбасылық кітап оқу дәстүрін қайта жаңғырту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ балабақшаларда балаларға ертегілер мен батырлар жырын айтып, олар арқылы ерлікпен қатар үлкенді сыйлау, халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау маңызды екені айтылды. Әрбір отбасы балаларына өз құндылықтарын береді. Аға буын – өмірлік тәжірибесі мен даналығын, қоғам – мәдениеті мен дәстүрін, ал мемлекет – заңын, тәртібін, қоғамдық қағидалары мен адамгершілік құндылықтарын табыстайды. Болашақтың берік іргетасын қалайтын – дәл осы аға буын.