Үндеу

«Аға буынға қамқорлық» айлығына қатысуға шақырамыз

Құрметті жерлестер!

1 қазан күні елімізде жүрекке жылу сыйлайтын, ізгілік пен мейірімге толы мереке – Қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн – бүкіл ғұмырын елге, халыққа, балаларға және қоғамға арнаған жандарға ерекше көңіл бөліп, құрмет көрсету күні. Біздің ақсақалдарымызға жоғары азаматтық ұстаным, принципшілдік, терең жауапкершілік сезімі, адамдарға деген ізгілік пен қамқорлық тән. Сонымен қатар олар өздеріне тән қарапайымдылық пен адалдық қасиеттерін сақтап келеді. Халқымыздың дәстүрінде ежелден үлкенді сыйлау, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асу ерекше орын алған.

Аға буынның білімі мен олар қалыптастырған салт-дәстүрлер – бүгінгі ұрпақтың алға жылжуына мүмкіндік беретін берік негіз. Аға буын өкілдерін құрметтеу – олардың ұзақ жылғы адал еңбегі, жас ұрпаққа аманат етіп келе жатқан баға жетпес тәжірибесі, мейірімділігі мен даналығы үшін жылы лебізіміз бен шынайы алғысымызды білдірудің тамаша мүмкіндігі.

Республикалық қоғамдық бірлестік «Ардагерлер ұйымының» бастамасымен елімізде көптеген жылдар бойы «Аға буынға қамқорлық» акциясы өткізіліп келеді. Үлкенді құрметтеу – адамгершіліктің негізі әрі ұрпақтар сабақтастығының символы.

Қарттарға қолдау көрсету мен қамқорлық таныту – аға буын алдындағы парызымыздың бір бөлігі ғана. Елімізде жыл сайын қарт адамдарға деген қамқорлық артып келеді. Дегенмен әлі де жалғыздықты сезінетін, әлеуметтік көмекке мұқтаж қарт жандар бар. Қарт адамдарға жасы ұлғайған сайын қарым-қатынас, көңіл бөлу және жылы ықылас қажет.

Барлық жұмыс берушілерді, бизнес-құрылым өкілдерін аға буынға құрмет көрсетіп, «Аға буынға қамқорлық» айлығына белсенді қатысуға шақырамын. Бұл айлық бізге аға буын өкілдеріне деген ризашылығымызды білдіруге, оларға шынайы көңіл бөліп, қамқорлық танытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп болады.

Құрметті жерлестер, сіздерді осы бастаманы қолдауға шақырамын. Жергілікті әкімдіктерге, ардагерлер кеңестеріне хабарласып, өз үлесінізді қосуға болады.

 

Құрметпен,
Шығыс Қазақстан облыстық
ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Шерубаев