Ардагер тоғызқұмалақшылар сайысқа шықты

Ғалымдардың деректері бойынша төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең көп тараған ойын болғандықтан, оны қазір біз қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының қатарына жатқызамыз. Қазіргі таңда республикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.

Ардагерлердің зияткерлік белсенділігін арттыру және осы тоғызқұмалақ  ойынын насихаттау мақсатымен Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер Кеңесі «ШҚО тоғызқұмалақтан ұлттық спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігімен және  «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен» бірлесе отырып, 18-қыркүйек, жұма күні тоғызқұмалақтан екінші рет ардагерлер арасында жекелей облыстық біріншілік өткізді. Жарысқа облыс аудандары мен қалаларынан зейнеткерлік жастан асқан 34 ардагер спортшы қатысты, олардың он бірі – әйел адамдар.

Жарыстың ашылу салтанатымен спортшыларды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев құттықтап, ардагер спортшыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Айтқазы Сейітұлы Шерубаев адамдардың ойлау қабілетін, логикасы мен тапқырлығын дамытуға айтарлықтай ықпал ететін осы тоғызқұмалақ ойынына деген ардагерлердің ықыласының өсіп келе жатқандығын айта келіп, жарысқа қатысушылар саны былтыр 29 болған болса, биыл, міне, олардың саны 34 адамға жеткендігіне тоқталды.

Одан соң сөз алған  «ШҚО тоғызқұмалақтан ұлттық спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, әрі бүгінгі жарыстың Бас төрешісі Н. С. Байгелдинова споршыларды ойынның тәртібімен және ережесімен таныстырды. Жарыс қатысушылар санына байланысты айналмалы жүйе бойынша электрондық сағаттарды қолдана отырып өткізілетін болды. Және әр ойыншыға партия соңына дейін 20 минуттан уақыт берілетін болды...

Сонымен, алдынала дайындықтарымен, жан-жақтан келген спортшылар екі-екіден тоғызқұмалақ тақталарына отырып, жанкүйерлер өз жерлестері үшін іштей ғана «ауырып», тыныштық сақтап, ойыншыларды аралап жүрді...

Әрине, қай спорттың болмасын ең бір қызықты сәті – жарыстың нәтижесін жариялап, спортшыларды марапаттау рәсімі. Кешке таман сол салтанатты сәт те келіп жетті. Жүлделі І-орынға Бергинбаева Г.С.және Боқасов А.Б., 2-орынға Аубакирова К.М. және Гарифуллин Д.Н., 3-орынғаАсанова Р.Ж. және Бидельманов А.Е. ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.